Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановпен бірге Ұлытау аймағындағы тарихи-мәдени орындарға сапар жасаған еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қаламыздағы С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрына да бас сұқты.
— Жезқазған өңірі өнердің мекені кені көпке белгілі. Бұл қаладағы театр мен филармония республика көлемінде әрдайым кәсібилік үлгісін танытып келеді. Міне,бүгін уақыт тапшылығына қарамастан осынау киелі өнер ордасына келіп,сіздермен қауышу мүмкіндігі туғанына өте қуаныштымын. Біртуар дарын иесі,шебер режиссер,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Хаджиевтің есімімен қатар аталар Жезқазған театрының мерейі әрдайым үстем болып қалары сөзсіз. Осы биік тұғырларыңыздан айрылмаңыздар. Өзім де сазгер болғандықтан болар,өнер адамдарына қолдау көрсеткенді жаным сүйеді. Олардың еңбектері елеусіз қалмаса екен деймін. Алдағы уақыттарда осынау қарашаңыраққа тағы да оралып,үздік қойылымдардың көрермені боламын деп ойлаймын,- деген Ақтоты Рахметоллақызы барша мәдениет және өнер қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап,еңбектеріне толайым табыстар тіледі.
Кездесу барысында министр С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрының режиссері Мируана Жанботаеваға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін,Жезқазған тарихи-археологиялық музейі көрме залы тарих және археология бөлімінің басшысы Қабдол Әуезовке Құрмет грамотасын табыс етті.
Қарағанды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов те бір топ жезқазғандық өнерпаздарды облыс әкімі тағайындаған арнайы номинациялармен марапаттады